Қазақстан мен Иран Президенттері келіссөз жүргізді
Иран Қазақстанға
Бандар-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан жер телімін берді. Ал, біз
оларға 200 миллион доллардың тауарын тасымалдауға дайынбыз. Сол үшін
Маңғыстауда бірлескен экономикалық аймақ құрылады. Тегеранда Қазақстанның Сауда үйі ашылады.
Бүгін Иран Презденті елімізге ресми
сапармен келді. Ақордадан Асылбек Тойбек тарқатады.
Астана ирандықтар үшін жылы әрі жақын. Өйткені тілдік қорымызға «астана» сөзі
- парсы тілінен енген. Иранмен саяси, экономикалық серіктестік орнатқанымызға
30 жылдан асты демесеңіз, жалпы байланысымыз тереңнен тамыр тартады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Иран халықтарының тарихы – тамырлас, салт-дәстүрі мен
мәдениеті – ұқсас. Қолымда бірқатар тарихи деректер бар. Мысалы, Ұлы Жібек жолы
қазіргі Қазақстан мен Иран даласы арқылы өткен. Ұлы Жібек жолы технологияның, діннің
таралуына, сондай-ақ мәдени-рухани қатынастың тереңдеуіне ықпал етті. Иран
мұрағаттарында Қазақ хандығы және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар
сақталған.
Асылбек Тойбек, тілші:
- Қазақстанның әлемдік саудаға Парсы шығанағы арқылы шығу ниеті бар. Бірақ
бұл жолға салынған тыйымдар — бұрыннан кедергі болып келді. Әйтпесе ортақ
Каспий теңізі арқылы Иранмен байланысты нығайтуға әлеует зор. Президенттер осы
мүмкіндікті жүзеге асыру, алыс-берісті
әртараптандыру мәселелерін талқылады.
Арада Қазақстан – Түрікменстан – Иран темір жолы бар. Бұл - Шығыс Азия мен
Парсы шығанағы елдері арасындағы ең қысқа жол. Биылғы 10 айда аталған
бағыттармен тасымалданған жүктің көлемі 53 пайызға артқан. Шойын жол және
Ақтаудан Амирабад порты арқылы тасымалды ұлғайту көзделіп отыр. Ол үшін
Президенттер порт инфрақұрылымын бірлесіп дамытуға уағдаласты.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Ирандағы теңізге жататын жақын порттар – Чабахар, Бондрабас, Амирабад
порттарын пайдалану керек. Орта Азиядағы мелекеттер Орта дәліз дейді бір
жағынан, екінші жағынан Солтүстік-Оңтүстік дәліздерін пайдалануға жол ашылады
деп есептейміз.
Иран әлемдік нарықта арпа мен бидай көп тұтынатын елдердің қатарында. Қазір Қазақстанның парсы еліне экспортының негізгі тауары да осы ауыл шаруашылғы өнімдері. Былтыр Иран нарығына 500 мыңнан астам тонна арпа жөнелтілген. Алдағы уақытта оның да көлемі артпақ.
Президенттер мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту мәселелерінде
талқылады. Нәтижесінде Иран тарапымен бірге Әбу Насыр әл-Фараби мұрасына
арналған тарихи-мәдени кешен салу туралы шешім қабылданды. Иран делегациясы
XVІІI ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениеті туралы көне қолжазбалардың
көшірмелерін ала келген. Бұл құнды жазбада Қазақ хандығының
әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, Түркістанның
саяси-экономикалық жағдайы секілді әртүрлі сараптамалар бар. Қ.Тоқаев бұл
құжаттар ғалымдарға сол кезеңдегі Қазақ хандығының халықаралық қатынастарын
терең зерттеуге мүмкіндік беретінін айтып, Мәдениет және ақпарат министріне
Иранның тиісті мекемелерімен бірлесіп, елімізде көне қолжазбалар көрмесін
ұйымдастыруды тапсырды.

