Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қырғызстанның Ош қаласында Түркі кеңесіне мүше елдер жастарының үшінші форумы өтті. Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан мен Қырғызстан делегациялары түркітілдес халықтардың рухани мұрасын сақтаудың маңыздылығын талқылады. Басқосуға қатысушылар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар әлеуетін дамытуға жағдай жасау жөніндегі бастамасына ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстан халқы ассамблеясы жастар құрылымдарының көшбасшылары жеке кездесу өткізді. Қырғыз тарапын Қазақстандағы жоғары білім беретін оқу орындары мен онда қалай оқуға болатыны аса қызықтырды. Сондай-ақ білім беру жәрмеңкесін өткізу ұсынылды. Қос елдің жастар ұйымдарының басшылары жиі кездесуге келісті.

Тимур Жұмырбаев, республикалық «Жарасым» жастар ұйымының төрағасы:

- Қазіргі тұста қоғамымыздың бәсекелестік қабілеті азаматтардың сауаттылығына байланысты болып тұр. Бүгінде орта мен жоғары білім берудің сапасын арттыру керек. Бұл туралы Президентіміз айтты. Жоғары білім беру саласында бәсекелес орта құруға септігін тигізетін заң жүйесін құру мен тиісті шешімдер қабылдау бойынша Үкімет пен Парламентке нақты тапсырмалар берілді.

Анар Гасымов Қырғызстан халқы ассамблеясы Жастар қанаты төрағасының орынбасары:

- Әлеуметтік, ақпараттық, білім беру мен волонтёрлік салаларда ынтымақтасу сауалдары талқыланды. Түрлі мәселелер қозғалып, онлайн конференция өткізуді ұйғардық. Іс-шара аясында жүзеге асырылатын нақты жобаларды белгілейміз.