Зейнетақы аннуитеті қоғамдағы өзекті тақырып

Зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының түсімдері рекордттық деңгейге жетті. Нақтыласақ, өткен жылы 82 процентке артып, 130 миллиард теңге болды. Сарапшылар аталған қаржылық тетіктің танымалдылығын бірнеше факторлармен байланыстырып отыр. Соның бірі – келісім бағасының төмендеуі.

Асыл Торғаев, мемлекеттік аннуитеттік компанияның өкілі:

– Бірінші кезекте, алдыңғы жылдармен салыстырғанда зейнетақы аннуитетінің құны төмендетілді. 2021 жылы зейнетақы аннуитеті 2020, 2019, 2018 жылдарға қарағанда арзанырақ. Тиісінше, баға арзандаған соң, ол туралы естімегендер естіп-біліп, аудиториясы едәуір кеңейді. Адамдар инфляциядан қорқады, өздерінің жинақтарына тез қол жеткізгісі келеді, сондықтан   азаматтар үшін бұл өнімнің, аннуитеттің не себепті тартымды екені түсінікті.

Аннуитеттің айтарлықтай арзандағанына қарамастан, сарапшылар биыл Елімізде оның саудасы артатынына сенімсіз.

Асыл Торғаев, мемлекеттік аннуитеттік компанияның өкілі:

– Әрине сауда болатыны сөзсіз. Алайда, биыл өткен жылдағыдай нарықта үлкен сатылым болуы екіталай. Дегенмен, өсу бойынша тұрақты динамика сақталады, себебі бағдарламаның өзі сұранысқа ие, танымал және пайдалы. Артықшылықтары жетерлік. Өнім таңдау жасауға мүмкіндік береді, оның ішінде еңбекке жарамсыз жасқа келген азаматтарға өзін тұрақты табыспен  қамтамасыз етуге және зейнетақы жинақтарына ерте қол жеткізуге жағдай жасайды.

Қазақстанда бүгінгі таңда ер адамдар зейнетке 63 жасында шығады. Әйелдердің зейнеткерлік жасы әзірше 60 жас деңгейінде сақтаулы. Алайда ол біртіндеп 63 жасқа дейін ұлғаяды. Ал сақтандыру компанияларымен зейнетақы аннуитетін жасасу мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік береді. Бұл ретте қазақстандықтар заңға сәйкес белгіленген жасқа жеткеннен кейін тиісті зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен  де   кедергісіз ала береді.