Қазақстан мен Мажарстан: Энергетика саласында ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Мажарстан: Энергетика саласында ынтымақтастықты кеңейтуде

ЕО Орталық Азия елдерімен энергетика саласында тұрақты байланыс орнатуға ниетті. Еуропалық дипломаттар Қазақстанды аймақтағы «басты тірек» деп санайды, сондықтан Астанамен ынтымақтастық осы мақсатқа жетуге көмектесуі керек. Бұл туралы Мажарстан Сыртқы істер министрі Петер Сийярт «Silk Way» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Мажарстан жасыл және ядролық энергетика саласын басты бағыт ретінде қарастырып отыр. Соңғысы бойынша, мемлекет мамандарды даярлауды да жоспарлауда. Сонымен қатар мәртебелі мейман жыл соңына дейін «Рожковское» газ конденсатының ірі кен орны пайдалануға берілетінін айтты. Айта кетейік, бұл жобаға мажар тарапы шамамен 200 млн доллар көлемінде инвестиция құйған. Жалпы, Петер Сийярто 2023 жылды экономикалық тұрғыдан «ең өнімді жыл» деп атады.

Петер Сийярто, Мажарстан Сыртқы істер министрі:
- Біз Еуропалық Одақ пен қазақстан әріптестігі нығая түскенін қалаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Еуропалық Одақ энергетикалық ресурстар импортын әртараптандыруға ұмтылып жатыр.  Себебі, бір ғана нарыққа тәуелді болмай әрі келешекке сенімді серіктес іздейді. Орта Азия диверсификация жасау үшін көмектесе алады деп санаймыз. Біз Қазақстанды өңірдегі негізгі серіктесіміз ретінде қарастырғандықтан, осы еуропалық мақсатымызға жете алатындығымызға күмәніміз жоқ. Мажарстан 40 жылдан астам уақыт бойы атом энергиясын да пайдаланып келеді, сондықтан, осы салада біздің тәжірибеміз жеткілікті.  Біздің пікірімізше, атом энергиясы арзан, тұрақты, экологиялық қауіпсіз қуат көзі. Сондықтан, менің жеке пікірім – Қазақстан өзінің уран қорын пайдалана отыра атом энергиясына ауысудың жолын қарастыру керек.