Қазақстан мен Ресей сауда қатынасы 27,8 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Ресей сауда қатынасы 27,8 млрд долларға жетті

Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық 3 пайызға артқан. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов Мәскеуге іс-сапармен барып, әріптесі Михаил Мишустинмен кездесті. Екі елдің Үкімет басшылары өзара экономикалық, экономикалық-ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқылаған. Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпарға қарағанда, өткен жылы Қазақстан мен Ресей тауар айналымы 27,8 млрд долларға жетіпті. Бизнес субъектілері 45,4 мыңға жуық жұмыс орнын ашу арқылы бірлесіп, 171 жобаны іске асырған. Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – агроөнеркәсіп. Екеуара шектеулерді алып тастау нәтижесінде саладағы тауар айналымы 4,5%-ға өсіп, 3,8 млрд долларды құраған. Көлік-транзиттік бағытта «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәлізінің Шығыс тармағы бойынша жүк ағынының көрсеткіштері 2,4 млн тоннаға дейін өсіпті. Енді тауар айналымын 30 млрд долларға дейін арттыруға жоспары бар.