Қазақстан мен Түркия бірлесіп тарихи сериал түсіруді жоспарлап отыр

Қазақстан мен Түркия бірлесіп тарихи сериал түсіруді жоспарлап отыр

Қазақстан мен Түркия киноиндустриясы саласындағы ынтымақтастықты нығайтпақ. Екі ел мамандары бірлесіп бірқатар тарихи сериал түсіруді жоспарлап отыр. Мұндай шешім Ыстамбұлда өткен Қорқыт ата түркі әлемі кинофестивалінде қабылданды.

Кинофестивальде бірнеше қазақстандық кинотуынды көрермен назарына ұсынылады. Соның ішінде Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы: Алтын тақ» тарихи туындысы фестивальдің бас жүлдесі үшін таласады. 

Рүстем Әбдірашев, кинорежиссёр:

- «Алтын тақ» – Қазақ хандығы туралы түсірілген екінші фильм. Біз оны фестивальде алғаш рет  көрсеттік. Менің ойымша, келешекте бұл киномен тағы бірқатар байқауға қатысамыз. Отандық кино индустриясын қолдау қажет.

Күллі түркі әлемінің ақсақалы Қорқыт бабамызды ұлықтаған кинофестивальге бірнеше мемлекеттің танымал актер, режиссер және продюсерлері жиналды. Түркияның мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой шара түркі жұртының мәдени ынтымақтастығының дұрыс бағытта дамығанын көрсетеді деп атап айтты.

Мехмет Нури Эрсой, Түркияның мәдениет және туризм министрі:

- Ынтымағы жарасқан, түбі бір түркі мемлекеттері арасындағы ортақ жетістіктер біздің басты бағытымыз болып қала береді. Біздің киноиндустрия саласында күш біріктіруіміз  халықаралық кеңістікке сапалы жұмыстар ұсынып, тарихымызды насихаттауға мүмкіндік береді.