ІІМ жол жүру ережелерін бұзушыларға жаза түрін ойлап тапты

Жылына бес реттен көп жол ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұлды 50 проценттік жеңілдікпен төлеуге тыйым салынуы мүмкін. ІІМ жүргізушілерге қатысты жауапкерлікті осылайша күшейтуде ұсынып отыр. Ведомство қала маңындағы жолдарда орташа жылдамдықтан асып кететіндерге де жаза түрін қатаңдатуға ниетті. Айта кетейік, республикада 18 шілдеден бастап «Қауіпсіз жол» айы басталды. Осы уақыт ішінде тәртіп сақшылары 46 мыңнан астам жол ережесін бұзғандарды анықтады. Оның ішінде 270-тен астам жүргізуші көлікті мас күйінде айдаған. Бұл ретте, өткен аптада елімізде 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 50-ге тарта азамат қаза тапқанын, 200-ден астам адам жарақат алғанын айта кеткен жөн.  Жыл басынан бері мыңнан астам қазақстандықтың, оның ішінде жүзге жуық баланың өмірі жол апаты кесірінен үзілді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті жол қауіпсіздігі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

– Барлық жол-көлік оқиғаларының 95% жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Қалған бөлігі жол қозғалысының басқа қатысушыларының кесірінен тіркеледі. Негізгі сепетерінің бірі ол  жылдамдық талабының сақталмауы. Сондай-ақ, қозғалыс ережелерін бұзу, жолдың қарсы бетіне шығу. Яғни, жүргізушілер көлікті тізгіндеген кезде  тек өздері үшін ғана емес,  оның ішіндегі басқа адамдардың саулығы үшін жауапты екендерін жақсы түсінсе ғой. Сонда бізде көптеген жол-көлік оқиғалары тіркелмес еді.