Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттырады – Министр

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттырады – Министр

Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есе арттыруды көздейді. Бұл ішкі нарықтағы жанармай тапшылығын толық жойып, артылған өнімді экспорттауға мүмкіндік береді. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен халықаралық CERAWeek конференциясына қатысқан Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов осылай деп әлемдік мұнай қауымдастығының алдында сөз сөйлеген. Жиында Каспий құбыр консорциумының да жұмысы айтылған.  Министр бұл бағыттың экономика үшін стратегиялық маңызы зор екенін, жоспарлар түзіліп, оның үздіксіз жұмыс істеуі қадағаланатынын да айтқан. Қазір Қазақстан мұнайды шетелге шығараудың жолын әртараптандыруды көздеп отыр. Мәселен, Транскаспий халықаралық дәлізі мен Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы экспорт көбейтіледі. Энергетика министрлігі таратқан ақпаратқа қарағанда, алдағы уақытта осы бағыттармен жылына 2 млн тоннаға дейін шикізат тасымалдау жоспарлануда.

ҚР Энергетика министрлігі:

- Қазақстан мұнай өңдеу қуатын екі есеге арттыруды жоспарлап отыр, бұл тек ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Орталық Азия өңірінде мұнай өнімдерін жеткізуші ретіндегі елдің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстанның CERAWeek конференциясына қатысуы - елдің халықаралық энергетикалық қауымдастықпен белсенді диалог жүргізуге және жаһандық сын-қатерлер мен геосаяси турбуленттік жағдайында теңдестірілген саясатты ілгерілетуге ұмтылысын растайды.

Осы форум аясында Ерлан Ақкенженов АҚШ Энергетика министрі Кристофер Райт-пен екіжақты кездесу өткізген. Онда энергетика саласында екі ел арасындағы серіктестікті дамыту мәселелері талқыланыты. Министр Қазақстанның америкалық инвесторлармен бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін де атап өткен. Ол үшін мемлекет салықтық жеңілдіктер ұсынып, жаңа кен орындарын іздеу жұмыстарын жандандырады. Айта кетейік, Қазақстан мен АҚШ мұнай-газ саласында 32 жылдан бері серіктес. Осы уақыт ішінде америкалық компаниялар еліміздің энергетикасына 60 миллиард доллардан астам инвестиция салған. 

Кристофер Райт, АҚШ Энергетика министрі:

- Біз мұнайды Азиядағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізуді көздейміз және сол зауыттарға түсетін жүктемені барынша азайтуды мақсат етеміз. Біздің халықаралық деңгейдегі басты ұстанымымыз - одақтастарымызды қолжетімді әрі қауіпсіз энергиямен қамтамасыз ету. Энергетикалық инфрақұрылым көбіне қақтығыс емес, керісінше елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен іскерлік байланысты күшейтеді.