Қазақстан-Өзбекстан: одақтастық байланыстар туралы декларацияға қол қойылды

Қазақстан-Өзбекстан: одақтастық байланыстар туралы декларацияға қол қойылды

Қазақстан мен Өзбекстан одақтастық байланыстар туралы декларацияға қол қойды. Ақордада Шавкат Мирзиёевтің елордаға мемлекеттік сапары аясында екі ел басшыларының келіссөздері өтті. Олар аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аудара отырып, екіжақты стратегиялық серіктестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – біздің қарым-қатынасымыздың жаңа деңгейі. Бұрыннан бері стратегиялық серіктестік қағидаттарына сүйендік. Сондықтан қол қойылатын құжаттар пакеті екі ел арасындағы ынтымақтастыққа қосымша серпін береді деген ойдамын. Оның үстіне елдердің үкіметтеріне жақын арада тауар айналымын 3 миллиардқа, одан кейін 10 миллиардқа жеткізу үшін барынша жігерлі шаралар қабылдауды тапсыруға келісті.

Өз кезегінде Өзбекстан басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі датасы қарсаңындағы сапарымыздың мәнісі терең. Олай болуы кездейсоқтық емес. Екі елдің ғасырлар бойғы достығы одан әрі нығая түседі деп сенемін. Сапар алдында талай іс атқарылды. Премьер-министрлер кездесіп, форумдар өтті. Мұның барлығы – жемісті әріптестіктің алғышарты. Жыл соңына дейін сауда айналымының көлемі 4 миллиардтан асады.

Өзбекстан делегациясының сапары барысында тараптар бірқатар келісімге қол қойды. Оның ішінде машина жасау саласы да бар. Құны 200 млрд теңгеден асатын меморандум отандық жеңіл автокөліктердің шығарылатын үлгілерінің ассортиментін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ тараптардың келісімдері ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді қамтыды.