Қазақстан Пәкістан нарығына $411 млн астам сомаға 80-ге жуық тауар түрін жеткізуге дайын
Қазақстан Пәкістан нарығына 411 млн доллардан астам сомаға 80-ге жуық тауар түрін жеткізуге дайын. Бұл туралы Исламабадта Қазақстан мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми, техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысында белгілі болды. Отандық кәсіпкерлер дәнді және бұршақты дақылдар, өсімдік майы, макарон, ұн және кондитерлік өнімдерді экспорттауға, ал Пәкістаннан жеміс-көкөніс өнімдерін импорттауға мүдделі. Үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тараптар өзара алыс-берісті арттыруды көздейтін 9 құжатқа қол қойды. Айта кетейік, 2021 Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екіжақты сауда-саттық көлемі 2,1 есеге ұлғайып, 95млн доллардан асқан. Алайда өткен жылдың 10 айында тауар айналымы 8,2%-ға төмендегені тіркелді.