Қазақстан Путинге қарыз емес – Қ. Тоқаев қаңтар оқиғасы жайлы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» арнасына сұхбат берді.
Президент ел арасында Қазақстан Ресейге қарыз болып қалды, сондай-ақ шетелдік БАҚ жазып жатқан Ресей Қазақстанды құтқарды деген мәселеге кеңінен тоқталды.
«Путинге қарыз боп қалдық дегенге келсек, бұл бос әңгіме. Мұны доғару керек. Біріншіден, ҰҚШҰ контингенті Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Оған мүше елдердің бәріне ортақ. Қазақстан осы ұйымның толыққанды мүшесі және оның қалаушысы. Қазақстанның тұрақтылығы Ресейге өте қажет. Оны дұрыс түсінуіміз керек. Ресеймен арамызда шынайы достық пен өзара сенім болу керек. Біз ешкімге қарыз емеспіз. Қазақстан – егемен мемлекет», – деді Тоқаев.
«Ресей Қазақстанды құтқарды ма?» деген сұраққа Президент: «Бұл – құтқару емес, бұл – ортақ мүддемізді қорғау.
ҰҚШҰ – ортақ ұйым. Мүше елдер өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін қол ұшын берді», – деді.
Қаңтар қасіретінен Президент қандай сабақ алды?
Қаңтарда бейбіт шеруге шыққандар бірқатар талап қойды. Баға тұрақсыздығы, қымбатшылық және Тұңғыш Президенттің өзі мен отбасына қатысты пікір көп айтылды.
Ал болған жайдан Тоқаев қандай сабақ алды? Нендей ой түйді. Бұл сауалдарға Президенттің өзі былай деп жауап берді:
- Бұл мәселеге қатысты жан-жақты зерттейтін болсақ, халықтың нарызылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Оны мойындауымыз керек. Ол ақиқат. Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым. Өкініштісі, азаматтардың наразылығын қылмыскерлер, лаңкестер пайдаланып кетті. Бұған бәріміз куә болдық.
Дей тұрғанмен Қасым-Жомарт Кемелұлы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жоққа шығармайтынын еске салды. Ал кемшіліктер жастарға да сабақ болуы керектігін ескертті.
- Расында, әлеуметтік желіде Тұңғыш Президентіміз туралы әртүрлі ойлар айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады. Мен Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек.
Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалады, мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосқан тұлға. Тұңғыш Президенттің кемшілігі болса, оларды сабақ ретінде жас басшыларға қалдыру керек. Сөзсіз қаңтар оқиғасы бәрімізге, оның ішінде мен де бармын, үлкен сабақ болды. Тиісті қорытынды жасалды деп айтуға болады. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп-біліп отыр.