Қазақстан Түркияға кезекті гуманитарлық жүк легін жөнелтті

Қазақстан Түркияға кезекті гуманитарлық жүк легін жөнелтті

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жойқын зілзала аймағына зардап шеккендерге көмек көрсетуге арналған шатырлар, жылытқыштар, жылы киімдер және басқа да қажетті заттар жіберілді.  Жүк тиелген ұшақ Түркия жеріне қонды. Қазақ жұртының жолдаған көмегін елдің сыртқы істер министрі  қарсы алып, алғыс білдірді. Гуманитарлық көмек әуежайдан тура Адияман елді мекеніне жөнелтілді.

Ал Түркияда еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел штабы жұмысын жалғастыруда. Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккен адамдарға тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Олардың қатарында қарағандылық дәрігер Алмагүл Алдабекова да бар. Көп балалы ана апат аймағына құтқарушылар тобымен бірге алғашқылардың бірі болып жетті. Маман орталыққа күніне  орта есеппен 35-тен астам зардап шегуші көмекке жүгінетінін айтады.

Алмагүл Алдабекова, Қарағанды қаласы апаттар медицинасы орталығының дәрігері

- Түрлі жарақат алған адамдар келіп түсті. Арасында денесіне сызат түскендер де болды. Оларға барлық алдғашқы медициналық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек,  психологиялық қолдауға зәру пациенттер бар. Оларға да қолдан келгенше көмектестік.

Айта кетейік, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 38 мыңнан асты. Апат аймағында кем дегенде 56 мыңнан астам  ғимарат жарамсыз болып қалған.