Қазақстанда 2024 жылдан бастап бизнесті жоспарға сай тексеру саны екі есе қысқарады

Қазақстанда 2024 жылдан бастап бизнесті жоспарға сай тексеру саны екі есе қысқарады. Қазір бұған мүмкіндік беретін осы саладағы тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру ісі қолға алынған. Үкіметте елдің  бизнес-ахуалын жақсарту шаралары қаралды. Мәселен, отандық бизнесті қолдау мақсатында мемлекет биыл 5 айдың өзінде жалпы құны 440 млрд теңгенің 6 мыңнан астам жобасын субсидияласа, 144 млрд теңгеге 4 мыңнан астам жобаға кепілдік берілді. Былтыр бұндай демеуге 1,3 трлн теңгенің 46 мың жобасы ілікті. 2022-ші жылда шағын және орта кәсіпкерлік нысандар саны 23 жарым процентке артып 2 млн-ға жеткен. Нәтижесінде шығарылған өнім көлемі  үштен бірге ұлғайып, жалпы құны 60 трлн теңгеге жуықтаған. Ел Үкіметі алдында осы қарқынды сақтап, 2030 жылға қарай республика аумағында  ШОБ үлесін 40%-ке жеткізу міндеті тұр.  Бұл ретте ауылды аймақтарға басымдық берілмек.  

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

- Ол үшін «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі», моно және шағын қалаларды дамыту, «Қарапайым заттар экономикасы» және Бизнес жол картасы – 2025 жобалары шеңберінде қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік органдар «Атамекен» ұлттық палатасымен және өңірлермен бірлесіп, жобалардың жергілікті жерлерде сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет.  Екінші  шикізаттық емес салалардың, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін кеңейту керек. Негізгі қорларды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу қажет.