ЕО елдері Қазақстан экономикасына 5,2 млрд доллар инвестиция салды

ЕО елдері Қазақстан экономикасына 5,2 млрд доллар инвестиция салды

Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасында тауар айналым осы жылдың 10 айында 34 млрд доллардан асып жағылды. Биылдың алғашқы жартысында  одақ елдері ел экономикасына 5 млрд доллардан астам қаражат құйды. Жалпы, Кәрі құрлықтан келген инвестиция көлемі 2005 жылдан бері 175 млрд долларға жеткен. Бұл туралы «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 13 отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. Үкімет басшысының сөзінше, бұл көрсеткіштер қос тараптың сауда-экономикалық байланысты арттыруға бағытталған жұмысының жемісі. Еліміз еуропалық компаниялармен бірлесе инвестициялық жобалардың тізбегін арттырып келеді. Олардың ішінде, ерекше атап өтетіндері: Маңғыстау облысындағы «жасыл» сутек өндірісі, күші 1ГВт болатын жел паркі, гипсокартон шығаратын зауыт және ірі түйінді көлік жасау кәсіпорны. Әлихан Смайыловтың айтуынша, бизнеске жақсы жағдай жасау мен инвестициялық климатты жақсарту Үкіметтің басты міндеті. Сондай-ақ, жиын барысында тараптар елдің салық және кеден жүйелерін жаңғырту, фармацевтикалық, геологиялық барлау, аграрлық индустрия салаларын дамыту мен бизнесті қолдау мәселелерін талқылады.