Қазақстанда агломерацияларды басқарудың жаңа үлгісі ендіріледі
Еліміздің Парламенті осыны көздейтін заң жобасы мен ілеспе құжатты қабылдады. Құжатты жоғары палата депутаттарының талқылауына Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ұсынды. Ведомство басшысының айтуынша, заң жобасы ел Президентінің тапсырмасымен үздік халықаралық тәжіриблерге негізделіп әзірленді. Ол бірден еліміздің 5 заңына, сонымен қатар жер және бюджет кодекстеріне бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді. Жаңа құжатта «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент, және 500 мыңнан астам тұрғыны бар облыс орталықтары айқындалатын болады. Аймақтық деңгейде жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар қала мен іргелес өңірдің жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істемек. Үкімет жанындағы республикалық кеңес агломерациялардың дамуын үйлестіретін болады. Бұдан басқа, бас жоспарлардың іске асырылуын және қала маңындағы аймақтың сәулет-құрылыс саясатын Астана, Шымкент және Алматы әкімдіктері бақылайды. Соңғысы еліміздегі жасыл жобаларды қаржыландыру үшін сырттан қарыз алу құқығына ие болуы мүмкін.
Әлібек Қуантыров, ҚР ұлтық экономика министрі:
- Бұл негізінен жасыл жобаларға қатысты болады. Мәселен, бұған дейін жүзеге асуы қиындық тудырған Алматы мен маңындағы өңірлер арасында жасыл көлік қатынасын ұйымдастыруға болады. Бұл қарыздар Үкімет белгілейтін шекті көлемде қатаң түрде тартылатын болады. Ұлттық экономика министрлігі сыртқы және ішкі қарыз алу үшін тиісті лимит белгілейді. Оның мөлшері Қаржы министрлігімен келісіледі. Ең басты талап сыртқы қарыздар ұлттық валюта – теңгемен берілуі тиіс.