АХҚО-да тіркелген криптобиржалар қазақстандық банктерде шот аша алады

АХҚО-да тіркелген криптобиржалар қазақстандық банктерде шот аша алады

«Астана» Халықаралық қаржы орталығы және екінші деңгейлі банктер Қазақстанда криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамыту бағытында бірлесе жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеді. Қаржы институттарының өкілдері жыл бойы жұмыс істейтін пилоттық жобаны іске қосты. Ол өңірлік криптохаб ретінде Қазақстанның әлеуетін одан әрі дамыту үшін тиісті нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз етуге бағытталған. Пилоттық жоба сәтті іске асырылған жағдайда ұлттық заңнамаға да, «Астана» Халықаралық қаржы орталығы актілеріне де өзгерістер енгізіледі. Сонымен бірге, пилоттық жобаның тиімді тұсы – Қазақстанда реттелетін салада цифрлық активтердің саудасын ұйымдастыру. Ол жеке және кәсіби инвесторлардың құқықтарын тиісінше қорғауды қамтамасыз етеді.

«Біз криптобиржаны табыс көзіне айналдырып, қаржы технологияларын дамытудың келесі деңгейіне көтерілуіміз керек. Толыққанды экожүйе құру қажет, сонда Қазақстан электр қуатының есебінен өндірілген цифрлық активтер жергілікті криптобиржаларда саудаланып, кіріс өз елімізде қалатын болады. Бұл ретте бізде АХҚО сияқты тиісті алаң да бар»,- деп атап өтті цифрлық даму министрі Бағдат Мусин.