Қазақстанда ана өлімі 35 пайызға төмендеді – ДСМ

Қазақстанда ана өлімі 35 пайызға төмендеді – ДСМ

Соңғы бес жылда елімізде ана өлімі 35 пайызға азайды. Бұл туралы елордада өткен халықаралық сессияда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Министрдің сөзінше, ана мен бала денсаулығына қатысты негізгі көрсеткіштер жақсарып, нәресте және перинаталдық өлім деңгейі де төмендеген. Бұған жүйелі реформалар мен медициналық көмектің заманауи стандарттарын енгізу ықпал еткен. Дегенмен, мамандар климаттың өзгеруі мен экологиялық факторлар әйелдердің репродуктивтік денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Қазақстанда нәресте өлімі азайып келеді. Жыл басында министрлік 2024–2025 жылдардағы статистиканы жариялаған болатын. Оған сәйкес, нәресте өлімі 5,5 пайызға төмендеген. Өңірлерде ана мен балаға көрсетілетін көмектің сапасын арттыру үшін 15 облыстық балалар ауруханасы жаңартылған. Сондай-ақ, заманауи перинаталдық орталықтар желісін салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңа нысандар Астана, Шымкент, Алматы және басқа қалаларда қолға алынған. Сонымен қатар, министрлік бала дүниеге келген сәттен бастап 18 жасқа дейінгі дамуын бақылайтын цифрлық жүйе іске қосылатынын айтты. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында бұл да бекітілген. Бүгінде Қазақстан балалардың әл-ауқаты индексі бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына кіреді.