Қазақстанда балаларға арналған тегін әуе бағыттары іске қосылады
Балалар тегін саяхаттайды. «Kids go free» жобасы аясында 2 жастан 14 жасқа дейінгі қазақстандықтарға еліміздің ең танымал туристік орындарына бару үшін тегін авиабилеттер ұсынылады.
Жоба авторлары бұл бағдарлама қазақстандықтарды республика аумағында демалуға ынталандыруға бағытталғанын атап өтті. Өйткені балаларға арналған мұндай тегін билеттер қазақстандық орта табысты отбасының демалуына бюджеттің 30% жуығын үнемдеуге көмектеседі. Осылайша мамандар «Kids go free» жобасы ішкі туризмнің әрі қарай дамуына серпін береді деп күтуде.
Дмитрий Кручинин, турфирм менеджері:
- Бұл бағдарлама Алакөл, Балқаш, Бурабай, Байқоңыр, Түркістан сияқты өңірлердегі туризмнің дамуына ықпал етеді. Менің ойымша, егер отбасымен ұшу мүмкіндігі болып және балаларға билеттер тегін ұсынылса, біздің азаматтарымызға қызық болары сөзсіз. Себебі Қазақстанда үлкен отбасылар көп, тіпті екі ересек пен екі бала ұшса да, билет құны қымбат болып кетеді. Егер бағдарлама іске қосылса, көптеген азамат біздің туристік өнімге қызығушылық танытады деп ойлаймын.
Айта кетейік, субсидиялауды «1+2», яғни растау құжатын ұсынған жағдайда «бір ата-анаға екі бала» схемасы бойынша енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар «Kids go free» бір баласы бар отбасы үшін де, көпбалалы жанұяға да қолжетімді болады. Айтпақшы, мұндай тәжірибе Ұлыбритания, Катар, Скандинавия секілді әлемнің дамыған елдері мен Таитиде кеңінен қолданылады.
Дмитрий Кручинин, турфирм менеджері:
- Бұл өзгеше болуы мүмкін. Дегенмен олардың біршама ұқсастықтары болады. Яғни осы бағдарлама іске қосылғаннан кейін айырмашылықтарын байқаймыз. Халықаралық туроператорлар мен біздің компаниялардың жұмысын да көреміз.
Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аталмыш жоба Парламент Сенатында қаралып жатыр. Ол құжат туристік қызмет мәселелері бойынша заң жобасы қабылданғаннан кейін бекітілетін болады.
Авторы: Тәжібек Гүлбану