Қазақстанда «Франкофония көктемі 2023» фестивалі басталды

Қазақстанда дәстүрлі «Франкофония көктемі-2023» фестивалі қайта жалауын желбіретті. Биыл 1-ші наурыздан 30-шы сәуір аралығында еліміздің бірнеше қаласында француз тілі мен мәдениетін насихаттауға бағытталған іс-шаралар өтеді. Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс осы жылғы бағдарламамен таныстырды.

Елші биылғы мәдени маусым осымен 13-ші мәрте ұйымдастырылғанын атап өтті. Француз елшілігі мұрындық болған шараға Марокко, Швейцария, Армения, Бельгия, Румыния, Египет, Канада мен Ливанның дипломатиялық өкілдері жұмылдырылды. Астана, Алматы, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Өскемен және Шымкент қалаларында бірлескен танымдық мәдени, білім беру және спорттық ойын сауық шаралары орын алады.

Дилье Канесс, Францияның Қазақстандағы елшісі:

- Әлемде 320 миллионнан астам адам француз тілінде сөйлейді. Бұл өте үлкен жанұя десем болады. Француз тілі 29 мемлекетте ресми тіл мәртебесіне ие, әлемдегі ең көп таралған бесінші тіл. Сонымен қатар, француз тілі интернетте қолданылатын төртінші және әлемде ағылшын тілінен кейінгі ең көп оқылатын екінші тіл болып саналады. Шараның мақсаты француз тілінің байлығы мен мәдениетін насихаттау.