Қазақстанда коронавирустың таралу деңгейі 1,2 есеге төмендеді

Қазақстанда коронавирустың таралу деңгейі 1,2 есеге төмендеді

Қазақстандықтардың 69% коронавирусқа қарсы екпенің қос компонентін салдырды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында мәлімдеді. «Осының арқасында науқастар саны күрт азайып, эпидахуал оңалып келеді», – деді салалық министр.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қазіргі кезде коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізілді. Тәулігіне 2 мыңға дейін тіркеліп отыр. Бұл өз кезегінде инфекцияның таралуына әсер етіп, 1 тамыздан бері салыстырғанда репродуктивті көрсеткіш 1,2 есеге төмендеді. Коронавирус инфекциясы бойынша эпидахуалдың тұрақтануы ауруханаға жатқызу деңгейінің төмендеуін көрсетті. Еліміз бойынша инфекциялық орындар 36%, реанимациялық орындар 33% жүктелген.

Сондай-ақ Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда «Pfizer» вакцинасы егілетін адамдардың тізімі кеңейтілуі мүмкін. Әзірге ол – 12 жастан бастап балаларға және жүкті әйелдерге рұқсат етілген жалғыз екпе. Министр «Pfizer» компаниясымен биылғы жылдың соңына дейін 4 млн доза вакцинаны жеткізу бойынша шартқа қол қойылғанын айтты. Қазіргі уақытта республика азаматтарына «Спутник V», «QazVac», «Hayat-Vax», «КоронаВак» және «Синофарм» сынды бес түрлі вакцина қолжетімді.