Ұлыбританияда COVID-19 белгілерінің тізімі кеңейтілді

Ұлыбританияда COVID-19 белгілерінің тізімі кеңейтілді

COVID-19 вирусының тоғыз жаңа нышаны Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің ауру белгілері тізіміне енгізілді. Коронавирустың бастапқы қызу көтерілу, тұрақты жөтел және дәм мен иістің жоғалуы секілді үш белгісіне тағы ентігу, шаршау сезімі, бас ауруы, мұрын біту, тәбеттің төмендеуі қосылды. Яғни белгілері суық тию не тұмауға ұқсас келеді.

Біріккен Корольдік ғалымдары аталмыш тізімнің кеңеюі инфекция таралуын төмендетуге көмектесетінін атап өтті. Өз кезегінде Ұлыбританияда коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша жаңа рекорд тіркелді. Бір аптаның ішінде 5 миллионға жуық адам науқас деп танылды. Ұлттық статистика агенттігі келтірген мәліметке сәйкес, қазір қауіпті вирус әрбір 13-ші британдықтан анықталады. Дәрігерлер ауру жұқтырғандар санының күрт артуын жұқпалы омикрон штамының кең таралуымен байланыстырып отыр.