Қазақстанда короновирус індетінің жаңа штамы тіркелген жоқ
Еліміздің бас санитар дәрігері қазақстандықтарды тағы да қонаққа бармауға және қонақ шақырмауға шақырды. Себебі елімізде соңғы айда коронавирус инфекциясы бойынша эпиджағдайдың нашарлауы байқалып отыр. Қазақстан «жасыл» аймақтан «сарыға» ауысты.
Сондай-ақ ОКҚ өткен брифингте Ерлан Қиясов, короновирус індетінің жаңа штамына тоқталды. Оның айтуынша, зерттеулер нәтижесі індеттің жаңа түрі жастар арасында тез тарайтынын көрсеткен.
ЕРЛАН ҚИЯСОВ, ҚР БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАР ДӘРІГЕРІ:
- Менің айтып өткім келетіні, жалпы мутация – вирустар эволюциясының табиғи бөлігі болып табылады. Қыркүйек айында Оңтүстік-Шығыс Англияда вирустық геномдық секвенирлеу арқылы короновирустың жаңа штаммының алғашқы жағдайы анықталған еді. Ол генетикалық сызықтардың өзгеруінен тұрады. Бүгінгі таңда вирустың бұл түрі Австралия, Дания, Италия, Исландия, Нидерланды, Ресей және басқа да елдердің азаматтарынан табылып отыр. Коронавирустың бұл түрі басқасына қарағанда, жастар арасында тез таралады. Алайда вирустың бұл түрін зерттеу жұмыстары жалғасуда. Елімізде індеттің жаңа штамы табылған жоқ. Дегенмен аурудың ауа арқылы берілетінін есептесек, елімізге келу қаупі бар.
Айта кетейік, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына қарамастан, бас санитар дәрігер алдағы уақытта төтенше жағдайдың қайта енгізілуі жоспарланбағанын айтты.