Қазақстанда мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамытудың жол картасы әзірленді

Қазақстанда мұнай экспортының баламалы бағыттарын дамытудың жол картасы әзірленді

Қазақстан мұнай өңдеу саласының әлеуетін арттыруға басымдық беріп келеді. Осының қамында елімізде бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Олардың бірі Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытында жүзеге асырылып жатыр. 2029-жылға дейін оның қуатын 9 млн тоннаға дейін кеңейту көзделген. Бұл қара алтынды қайта өңдеудің жылдық көлемін 21 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Үкімет отырысында саланың алдағы жоспарымен бөліскен энергетика министрі Болат Ақшолақов отандық өнімді өзге елдер арқыл тасымалдау жолдарын әртараптандыру жағы да қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Осы орайда, қазақстандық мұнай  экспортының баламалы бағыттарын дамытудың жаңа жол картасы әзірленгенін жеткізді.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

-  Осылайша, Әзербайжан, Грузия және Түркия порттары бағытында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, сондай-ақ, Қытай Халық Республикасы мен Иранға экспорттық бағыттарға баса назар аударылатын болады.

Сондай-ақ, энергетика министрі Қазақстанда баламалы қуат желісінің үлесін арттыруға қатысты жобаларға тоқталып өтті. Дерегінше, 2026 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің өндірісі бір жарым есеге ұлғаяды. Бұл межеге жету үшін осы аралықта ел аумағында 50-ден астам жаңа нысан іске қосылмақ. Есесіне, өзіміз өндіретін  жалпы электр энергияның 7%-і баламалы қуат көздеріне тиесілі болмақ. Ал, 2029 жылға қарай бұл жүйеге 3,7 гигаватт энергия беретін жаңа қуаттар енгізілетін болады.