Қазақстанда МЖӘ аясында 1,5 трлн теңгеден астам сомаға 864 жоба іске асырылуда
Мемлекет пен бизнестің тиімді өзара қарым-қатынасы. Қазақстанда 1,5 трлн теңгеден астам сомаға 864 жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі шеңберінде іске асырылуда. Бұл ретте олардың негізгі бөлігі өңірлік болса, тек 10-ы ғана республикалық маңызы бар жобалар. Олардың әрқайсысы еліміздегі жекелеген өңірдің де, жалпы мемлекеттің де әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуге бағытталған.
Мысалы, балабақшалар мен мектептердегі орын жетіспеушілік мәселесін шешуге, инфрақұрылымды жақсартуға, жұмыс орындарын құруға қатысу және жалпы мемлекеттік бюджетке жүктемені азайту.
ЕРБОЛАТ НАУРЫЗАЛИЕВ, «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІК ОРТАЛЫҒЫ» АҚ АҒА КОНСУЛЬТАНТЫ:
- Бізде бизнесті таңдауда бағыттар саны өте көп. Егер, мысалы, 30-40 жоба іске асырылатын Еуропа елдерімен салыстырсақ, бүгінгі таңда бізде жобалар жеткілікті. Бізде 864 жоба бар. Бұл бір күнде, яғни күн сайын бір жоба бойынша елімізде жұмыстар атқарылады деген сөз. Жылына орта есеппен 200 жоба. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі барлық жерде қолданылады.
Мамандардың мәліметі бойынша, республикада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік үшін басым салалардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сондай-ақ көлік және инфрақұрылым сияқты салалардағы жобалар бар. Білім беру бағыты басым үлеспен бірінші орында, онда 111 млрд теңгеден асатын 480 жоба бар. Екінші орында – Денсаулық сақтау саласы, онда жалпы құны 80 млрд теңге болатын 163 жоба іске қосылған. Содан кейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы 94 жобамен 180 млрд теңгені құрады. Жобалардың құны бойынша бірінші орында көлік және инфрақұрылым саласы тұр. Онда 844 млрд теңгеге 27 шарт жасалған.
Айта кетейік, ең ірі жобалардың бірі – Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының нақтылауы бойынша, инвестициялық сатыда тұр.