Қазақстандықтар банк карталарын 2,5 есе көп пайдалана бастаған
Қазақстандықтар төлем карталарымен жасалған қолма-қол ақшасыз операцияларды жиі қолдана бастаған. 2020 жыл ішінде қазақстандық эмитенттердің төлем карталарын қолдана отырып, 35 трлн теңгеге жуық төлем жасаған. Бұл 2019 жылдың көрсеткіштерінен 2,5 есеге жоғары. Бұл туралы еліміздің Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қаржы реттеушісінің айтуынша, өткен жылы республикада төлем карталарымен жасалған он транзакцияның тоғызы қолма-қол ақшасыз жасалған.
Сонымен қатар сарапшылар бұған пандемия түрткі болғанын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, былтыр наурызда санитарлық дәрігерлер вирустың тиын дәрізді қатты заттарда бірнеше күн сақталатынын айта отырып, қазақстандықтарды мүмкіндігінше қолма-қол ақшадан бас тартуға шақырған болатын. Қолма-қол ақшасыз операциялардың артуына тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу инфрақұрылымының кеңеюі де ықпал етті.
Сонымен қатар төлем карталарын қабылдайтын кәсіпкерлер саны да едәуір артқан.
Авторы: Әсел Күшенғалиева