Қазақстанда өрт қауіптілігі сақталуда

Қазақстанда өрт қауіптілігі сақталуда

Қазақстан өңірлерінде өрт туындау қаупі сақталуда. Бүгінде ел аумағында 42 көктемгі орман өрті тіркелген. Қызыл жалын 668 гектар аумақты шарпыған. Былтыр Қазақстанда 167 мың гектар орман отқа оранып, 6 млрд теңгеден астам материалдық шығын келген. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Үкімет отырысында мәлім етті.

Юрий Ильин Табиғи өрттердің алдын алу бағытында қолға алынған шаралар туралы баяндады. Мамыр айының соңына дейін өрт инспекциясы ұлттық парктер мен қорықтарды тексеру жұмыстарын аяқтайды. Өрт ошақтарын әуеден патрульдеу жүйелі негізде жүзеге асырылады.

Юрий Ильин, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

– Қазгидрометтің» болжамды деректері бойынша алдағы өрт қауіпті кезеңде орташа температура +30ºС құрайды. Ал Республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде құрғақшылық пен температураның +40ºС дейін жоғарылауымен жауын-шашын тапшылығы болжанады. Мұның бәрі орман қорындағы өрт қаупін едәуір арттырады. Өртке қарсы қызмет өкілдері шаруа қожалықтарын аралауды қайта бастады. Соның барысында қызметкерлер мен басшыларға нұсқау беріп, алғашқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын тексереді, ұсынымдары бар арнайы жадынамалар таратады.

Алайда өңірлердегі орман шаруашылығы мекемелері өрт қауіпті маусымға толықтай дайын деп айтуға болмайды. Төтенше жағдайлар министрі олардағы техниканың тозығы жеткенін айтты. Әрбір бесінші техника өрттерді сөндіруге дайын емес. Далалы аймақтарда да өрт қауіптілігі биыл жоғары, деді  Юрий Ильин.