Халықаралық «Мұнай және газ» көрмесі жұмысын бастады

Халықаралық «Мұнай және газ» көрмесі жұмысын бастады

Қазақстанда 27-ші халықаралық «Мұнай және газ» көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл – нарықтың негізгі ойыншылары инновациялық технологияларын көрсететін, сала дамуының негізгі үрдістері талқыланып, өзекті мәселелердің шешімі табылатын беделді алаң. Дәстүрлі көрмеге биыл әлемнің 9 елінен 156 компания қатысуда. 3 мың шаршы метрге жуық аумақта орын тепкен жалпы экспозиция мұнай-газ кешенінің 13-тен астам бағытын қамтиды. Оның ішінде геология мен геофизика, цифрландыру, инжинирингтік, бақылау және инфроқұрылымды жетілдіруге арналған жаңа шешімдер бар. Әр қатысушы өз әлеуетін таныстырумен қатар мазмұнды іскерлік бағдарламаларға атсалыса алады.

Айта кетерлік жайт, тарихы ел тәуелсіздігімен бірге басталған көрме алғаш рет елордада қанат жайды.

Марина Ли, «Мұнай және газ» көрмесі жобасының жетекшісі:

- Көрме аясында түрлі бағытта семинарлар мен жаңа жобалардың таныстырылымы өтеді деп жоспарланған. Іскерлік алаңда технологиялық үрдістерді автоматтандыру және сандық үлгіге көшіру сынды өзекті тақырыптар қозғалады. Ең бастысы көрменің қалыптасқан дәстүріне сай Қазақстанның басты операторлары кезекті рет мердігерлермен жұмыс істеу бойынша аса өзекті деген мәселелерді талқылап, алдағы уақытта сатып алу жоспарларымен бөлісетін болады. Бір сөзбен бағдарламаның іс-шаралар кешені ауқымды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов