Қазақстанда су қорларын ғылыми-талдау орталығы құрылады

Қазақстанда су ресурстарының ғылыми-талдау орталығы құрылады. Оның жұмысы елдің су шаруашылығын жоспарлау, басқару мен бақылау жүйесін реттеуге бағытталмақ. Экология министрлігінің дерегінше, жаңа ұйымды құру әзірленіп жатқан Су кодексі жобасында көзделген. Сала мамандары құжатты  осы жылдың соңына дейін Парламенттің қарауына енгізбек. Сарапшылардың пікірінше, ол бірнеше бағытты қамтиды. Мәселен, бұл құжаттың аясында интеграцияланған басқарудың ұлттық жоспары мен су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі әзірленеді. Соңғысы елдегі су қорларына қатысы бар деректермен таныстыруға және жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарап, тіршілік көзін ысырап етпей, барынша үнемдеуге  ынталандырады. Сонымен қатар мамандар жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеу барысында тіршілік көзі қорларын кәдеге жарату және оларды қорғауға қойылатын талаптарды айқындайтын барлық нормаларды, бұған қатысты басқа да заңнамалық актілерді қайта қарап шыққан.

Мейрам Арыстанов, жаңа Су кодексін әзірлеу жөніндегі сарапшы:

-Қазіргі таңда біз жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеу аясында қызметтерді нақты ажырататын нормаларды пысықтап жатырмыз. Мәселен, суармалы суды тасымалдау кезінде кім не үшін жауап береді, оны жалпы суармалы алқаптарда пайдаланудың тәртібі бекітіледі.  Жер гидромелиорациясы бойынша белгілі бір бөлімдер енгізілетін болады. Су кодексі барынша жаңартылады. Жалпы бұл шаралар елдегі тіршілік көзі қорларын тиімді  пайдалану мәдениетін қалыптастыру қамы. Ол үшін ең алдымен біздің ғылыми базамызды нығайту қажет. Қазіргі жағдайды ескерсек жаңа Су кодексін қабылдаудың кезі келді. Климаттың өзгеріп баратынын қаперге алсақ бұл үрдісті реттеп оңалтуға болады.