Үкімет азық-түлік бағасын тұрақтандыруға кірісті
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесі уақытша кеңейтіліп, бағаға мемлекеттік бақылау күшейтілді. Нәтижесінде жыл басынан бері кейбір сүт өнімдері мен көкөніс құны төмендеген. Бұл Үкіметтің азық-түлік бағасының өсуін тежеу үшін қабылдаған бірінші шарасы. Оған қоса қымбаттап жатқан өнімдер бойынша өндірушілермен меморандумдар жасалуда. Нақтылап айтқанда май, жұмыртқа, тауық еті, тұз, картоп өндірушілермен бағаны өсірмеу туралы келісімге қол қойылады. Тағы бір тетік тұрақтандыру қорларына байланған. Яғни, дүкен сөрелеріндегі картоп, сәбіз сияқты өнімдер қымбаттай бастаса, қор өз тауарларын арзан бағамен сатуға кіріседі. Сондықтан Үкімет әкімдерге өткен жылғы өнім қорын тезірек өткізуді тапсырды. Ал көктемгі маусымда баға өсімін болдырмау үшін көршілес елдерден ерте пісетін ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу жоспарланған.

