Қазақстанда ыстыққа төзімді кабель өндірісі басталды

Қазақстанда ыстыққа төзімді әрі радиациялық оқшауланған кабель өндірісі басталды. Радиациялық-модификацияланған оқшаулағышы бар инновациялық материалды Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ғалымдары әзірледі. Жоғары технологиялық кабельдің алғашқы легіне бірінші кезекте көршілес Орталық Азия мемлекеті қызығушылық танытқан. Бүгінде тараптар жеткізілім бойынша өзара келісімге келіп, өнімнің алғашқы партиясын экспорттап үлгерген. Сонымен қатар отандық өнімді шекаралас Ресей Федерациясы да импорттауы мүмкін. Жалпы республикада жылына барлығы 15 мың шақырым кабель өндіруге ниетті. Айта кетейік, елімізде өнімнің аналогі жоқ, ол тек АҚШ пен Еуропада ғана шығарылып келген.

Жанна Құрманғалиева, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылым мен коммерциаландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры: 

- Өткен жылдың жыл басында ғана өндіріске енгізу жұмыстары басталған болатын. Өндіріске енуінің бірден-бір себебі – 2021 жылы «Ядролық технологиялар паркі» үкімет қаулысымен Еуразия ұлттық университетіне берілген болатын. Яғни біз ғалымдар мен өндірісті бір жерде, бір қолда тоғыстырдық. 

Виталий Распопин, «КАЗЭЛЕКТРОМАШ» ЖШС директоры: 

- Бірінші кезектер ішкті нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету мақсаты тұр. Қазір таңда Өзбекстанға біздің кабелдің алғашқы легі жіберіліп, жобаны іске асыру жұмыстарына қолданылуда. Сонымен қатар алдағы уақытта Қырғызстан мен Ресей Федерациясына да өнімді экспорттау жолдарын қарастырып жатырмыз. 

Өзбекстан – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Орталық Азиядағы барлық өңірлік сауданың шамамен 70% біздің елдерге тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауарайналым 30% артып, 5 млрд долларға жетті. Алда көрсеткішті АҚШ валютасында 10 млрд жеткізу мақсаты тұр.