Көлік жүйесін дамытуға 10 млрд еуро бөлінеді
ЕуроОдақ «Орта дәлізді» дамытуға 10 млрд еуро бөлмек. Осылайша, Орталық Азия мен Еуропаны қосатын көлік желісі жанданбақ. Мемлекет басшысы бұл бағытты интеграциялаудың маңызды екеніне ерекше екпін салды. Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәлізді» одан әрі дамытудың инвестициялық тұрғыдан әлеуеті зор екенін айтты. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі порттарды жаңғыртуға, цифрландыруға, жүк терминалдарын салуға күш біріктіруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазақстан Global Gateway бағдарламасы аясында «Орта дәлізді» дамыту үшін еуропалық серіктестердің 10 млрд еуро бөлу туралы шешімін құптайды. Осы бағытты Трансеуропалық көлік желісімен және Global Gateway стратегиясымен ұштастыруда Германия тарапы қолдау көрсетеді деп сенеміз.

