Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қаңтар айында қайта басталады

2023 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстанда жеңілдетілген автониесе бағдарламасы қайта іске қосылады. Қазақстанның Даму банкінің хабарлауынша, револьверлік тетік негізінде екі бағдарлама бойынша жинақталған қаражат көлемі шамамен 13 млрд теңгені құрайды. Бұл сомаға кем дегенде 1 мың 300 автокөлік несиеге беріледі деп жоспарлануда. Болашақта револьверлік әдіспен жинақталған қаражатты бөлуді ай сайын іске асыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, жаңа жылдан бастап барлық қолданыстағы бағдарламалар бойынша шарттар өзара үйлестіріледі. Орталықтандырылған бақылауды қамтамасыз ету үшін бұдан әрі бағдарлама бойынша қаражаттың бір ғана операторы ретінде Даму банкін қалдыру көзделеді. Қазіргі уақытта онымен Индустриялық даму қоры айналысып отыр. Еске сала кетейік, бағдарлама шарттарына сәйкес сыйақы мөлшерлемесі 4%, несие сомасы 10 млн теңгеден аспайды, мерзімі жеті жылға дейін, бастапқы жарнасыз. Автокөлік құны 15 млн теңгеге дейін.