Қазақстандық фильм «Ника» сыйлығының номинациясына ұсынылды
Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» картинасы Ресейдің ең беделді киножүлдесі – «Ника» сыйлығының «ТМД, Балтық және Грузия елдерінің үздік фильмі» номинациясына ұсынылып отыр.
Картинаны Short Brothers (Қазақстан), «Қазақфильм» (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Zerde FILMS (Қазақстан) компаниясы түсірген. Бас продюсерлер – Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев. Бұл – Ержановтың осы жүлдеге 4-ші рет қатысуы, бұған дейін әр жылдары «Үкілі Камшат», «Қаратас ауылындағы оба» және «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмдері ұсынылған болатын.
«Сары мысық» – Әділхан Ержановтың 9-шы толықметражды көркем фильмі. Картинаның әлемдік премьерасы былтырғы жылы 77-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасында өтті. Кейінірек туынды бірқатар фестивальге қатысып, бірнеше марапатқа ие болды. Соның ішінде Қытайдағы Silk Road IFF фестивалінің «арнайы сыйлығы», Батуми кинофестивалінде «Үздік режиссер» сыйлығы, сондай-ақ «Мәскеу премьерасы» фестивалінде киносыншылардың арнайы жүлдесіне ие болған.
«Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Біздің команданың бірлескен күш-жігерінің, еңбегінің бағаланғанына өте қуаныштымын. «Сары мысық» командасын фильмнің кезекті жетістігімен құттықтаймын», – деп режиссер Әділхан Ержанов өз әсерімен бөлісті.
Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды, бұл – қылмысқа белшесінен батқан жас жігіт Кермек пен түзу жолдан адасқан қыз Еваның махаббаты туралы, екеуінің арасындағы қиындықтар мен олардың әлемге қарсы тұруы туралы оқиға.
Кермектің рөлін ресейлік актер Азамат Нигманов ойнаған, оны көрермен Алексей Мизгиревтің «Конвой» және Андрей Шальопаның «28 панфиловшылар» фильмдерінен біледі. Еваның рөлін жас қазақстандық актриса Камила Нұғманова ойнап шықты, ол бұрын Нариман Төребаевтың «Грязь болшого города» және Әлішер Сүлейменовтың «Облако на крыше» фильмдерінде ойнаған.
Екі актер үшін де «Сары мысық» Әділхан Ержановпен ынтымақтастықтың алғашқы тәжірибесі. Криминалдық авторитет Жамбастың рөлін Әділхан Ержановпен бірге жұмыс істеген, оның «Атбайдың шайқасы» және «Ұлболсын» фильмдерінде ойнаған, актер Санжар Мәди сомдап шықты. Сондай-ақ фильмге Әділхан Ержановпен бірнеше рет жұмыс істеген актерлер Еркен Губашев пен Ержан Жаманқұлов қатысты.
Сценарий авторлары – Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Продюсерлер, дәстүрлі түрде режиссердің бұрыннан келе жатқан серіктестері – Серік Әбішев пен Ольга Хлашева. Ко-продюсер – Гийом де Сиель. Фильмнің операторы – Ержановпен «Үкілі Камшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерінде жұмыс істеген Еркінбек Птыралиев. Қоюшы-суретші – Ермек Өтегенов. Фильмге музыканы композиторлар Алим Заиров пен Иван Синцов жазды.