Қазақстандық мүсінші Болатбек Салаевтың туындылары әлеуметтік желіге тарады

Махамбет пен Исатай, Абай Құнанбайұлы. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын сомдау үшін мүсінші, суретші, психолог болу қажет. Елорда маңында орналасқан цехтағы еңбектердің авторы – Болатбек Салаев. Жас та болса, есімі елге белгілі шебердің туындыларын еліміздің түкпір-түкпірінен көруге болады. Ондаған туындының авторы шеберлігін шыңдаудан шаршаған емес.

Болатбек Салаев, мүсінші:

- Біздің жасаған жұмыстар бүкіл қалада бар десе де болады. Алматы, Астана, Қостанай, Орал. Бүкіл аудандарда бар.

Шебер өз ортасында танымал болмай тұрып, көп еңбектеніп өз жолын тапқан. Мүсіншілік өнеріне деген қызығушылығы 3 жасында байқалыпты. Білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтағаннан кейін ол үлкен компаниялардың, әртүрлі деңгейдегі әкімдіктердің тапсырыстарын орындай бастады.

Болатбек Салаев, мүсінші:

– Әр түрлі материал қолдаманмыз. Бронза, стеклопластика, бетон кей кезде ағаштанда істейміз.

Дәл осындай ауқымды әрі ерекше дүниені дайындау үшін шеберлер 5 метрден асатын баспалдақты пайдаланады. Дегенмен кез келген жұмыс эскиз жасау сияқты бірнеше кезеңнен тұрады. Мүсіншінің айтуынша, кейде бір ескерткішті дайындау үшін кем дегенде 3 ай уақыт кетеді.

Болатбек Салаев, мүсінші:

- Мұндай жұмысты бастамас бұрын, кішкентай нұсқасын жасап аламыз. 40-45 см. Сосын үлкейтеміз көзбен. Бет бейнесін мысалы, жеке тұлға болатын болса фотоға қарап жасаймыз. Ал егер жеке тұлға емес жай ғана ана мен бала болатын болса – онда оны ойдан жасаймыз.

Болатбек Салаевтың қолынан шыққан туындылардың фото суреттері әлеуметтік желіде үлкен танымалдылыққа ие. Шебердің авторлық жұмыстарының саны бүгінде 40-қа жеткен. Мүсінші бұл тек үлкен істің басы ғана деп сенеді.

Авторы: Ақзер Сегізбай