Қазақстандық оқушылар төртінші тоқсанды қалай оқиды?
Елордада карантиндік шектеулердің күшейтілуіне байланысты IV тоқсандағы білім беру форматына өзгерістер енгізілді. Мәселен, бас шаһарда тек 9 және 11-сынып оқушылары, ал жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 1-курс студенттері ғана аралас форматта білім ала алады. Ал өзге өңірлердегі өзгеріс қандай?
Осыдан екі күн бұрын елордада бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жариялаған жаңа қаулысына сәйкес, 1-8 және 10-сынып оқушылары тек қашықтан білім алады. Ал мектеп бітіруші 9 және 11-сыныптар сабақтың 70% дәстүрлі форматта оқиды.
Бақыт Курсанова, С. Мәуленов атындағы №37 мектеп-лицейдің оқу ісінің меңгерушісі:
- Сыныпта 15 оқушыға дейін жинақтаумен, ата-аналардың өтініштерімен ұйымдастырылады. 9-сыныптар біздің мектепте – 12, 11 сыныптар – 8. 1 сынып – 1 кабинет қағидасы ұсталынады. Егер де білім мекемесінде COVID-19 бір немесе екі оқушыдан шықса, сынып жабылады.
Егер 3 және одан да көп оқушыдан вирус белгілері анықталса, онда білім беру мекемесі 2 апталық карантинге жабылады. Бұл талап мектепке дейінгі оқыту ұйымдарына да қатысты.
Асыл Аманкелдіқызы, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Оқушылардың әрі қарай оқуы, яғни «қызыл аймақтан» кейінгі жағдайы қаланың эпидахуалына байланысты болады. Жергілікті санитарлық бас дәрігердің шешімімен белгілі болады.
Ал Түркістан облысында барлық оқушы IV тоқсанды аралас жүйеде бастайды. Бала саны 300-ге дейінгі мектептер оқуды оффлайн форматта жалғастырады. 1-сыныптағы оқушылар саны 25 баладан аспауы тиіс. Сабақ ұзақтығы – 40 минут. Егер оқушы науқастармен байланыста болған жағдайда ата-ана өтініші бойынша баланы қашықтан оқытуға рұқсат етіледі. Жалпы өткен тоқсанда 286 мың оқушы қашықтан және 123 мың бала дәстүрлі форматта оқыды.
Рақымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:
- Аралас формат деп отырғанымыз, 70-80% негізгі пәндер мектепте дәстүрлі оқытылады. Қалғаны аптасына бір рет болатын музыка, көркем еңбек, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес, дене шынықтыру пәндері қашықтықтан электронды білім беру платформасы арқылы жүргізіледі.
Қостанай облысында бала саны 300-ден аспайтын барлық мектеп қалыпты оқу жүйесіне көшіріледі. 1 сәуірден бастап оқушылардың 28%-і дәстүрлі форматта білім алады. Қалған оқу ордаларында шектеу шаралары сақталады. Яғни, балалардың бір бөлігі қашықтан оқиды. Сабақ кестесі мен пәндер тізімін әр білім ордасы өзі анықтайды. Мектеп формасын кию міндеттелмейді. Сыныптарда бетпердесіз отыруға рұқсат беріледі.
Зәуре Байменова, Қостанай облыстық білім басқармасының басшысы:
- Өз кезегінде білім беру ұйымдары оқу процесін ұйымдастыру кезінде барлық санитарлық нормалар мен талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін болады. Мектептер үшін ата-аналарға қосымша қаражат немесе басқа заттар сатып алудың қажеті жоқ. Білім беру ұйымдарында ақшалай қаражат жинауға білім басқармасының бұйрығына сәйкес тыйым салынады.
Айта кеткен жөн, «қызыл аймақтағы» өңірлердің білім беру мекемелерінде сабақтан тыс уақытта оқушылардың жеке оқуына тыйым салынады.
Ақпарат көзі: 24.kz