Қазақстандық туристер арасындағы ең танымал бес қала аталды

Қазақстандық туристер арасындағы ең танымал бес қала аталды

Жыл басынан бері Қазақстанға демалуға 3,5 млн турист келген. Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, саяхатшылар арасында еліміздің бес қаласы танымалдыққа ие болды. Сонымен, теңіз жағасында орналасқан Каспийдің ақмаржаны саналатын қалаға Ақтау 220 мыңнан аса қонақ келген- сәйкесінше қала  бесінші орында тұр. Ведомствода атап өтілгендей, жазғы маусымға қарай туристер тарапынан Маңғыстау облысының орталығына қызығушылық 20%-ға дейін артқан. Ал, төртінші орынға жайғасқан  Атырауға бұл аралықта 305 мыңнан көп турист келген. Мұнда саяхатшылар «Сарайшық» визит-орталығы мен Қазақ хандығы, Алтын Орданың тарихымен таныса алады. Туристік рейтингтің үшінші орнын Шымкент қаласы иеленді. Мегаполис жиһанкездер арасында киелі-тарихи орындарымен,  шипайжайлардағы сауықтыру турларымен танымал. Екінші орында – Астана тұр. Жыл басынан бері мұнда миллионға жуық турист келген. Ал, бірінші орынға 200 мың турист артық келген Алматы қаласы жайғасты. Мегаполис көпшілік үшін ең тартымды қалалар тізімінде көшбасшы атанды. Қонақтарды тау-шаңғы курорттары, сұлу табиғаты, қолайлы климаты қызықтырады.