Қазақстан Аумағындағы Діндер тарихына арналған көрме
Көне қараханид теңгелер, будда мүсіндері, діни ғұрыптарға арналған құмыралар мен құрбан шалу құралдары, Құран мен Библия көшірмелері. Осы тектес сирек жәдігерлер елордадағы Ұлттық музейде қанат жайған Қазақстандағы діндер тарихына арналған халықаралық көрмеге қойылды. Экспозиция Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жетінші съезіне орайластырылды. Оған республика Ұлттық музейі мен Тұңғыш Президент кітапханасының қорында сақтаулы экспонаттар іріктелді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ел аумағынан табылған жәдігерлердің саналуандығы Қазақстанның талай ғасыр бойы Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы маңызды торап болғанын айғақтайды.
Болат Сәрсенбаев, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаев, орталығының төрағасы:
– Қазақстанның дін лидерлерінің жиыны өтетін алаңға айналуы бекер емес. Тарихымызға үңілетін болсақ, ел аумағында қаншама өркениет пен дін тоғысып келді. Осы жерде Каспий теңізінің жағалауында бір кездері зороастризм пайда болды. Непал, Үндістанмен шекарадан асқан буддизм бүгінгі Қазақстан аумағымен өтіп, әлемдік дінге айналды. Жан-жақтан керуен жолдары біз арқылы өтетін.
Қазақстан аумағындағы діндер тарихына арналған көрме келушілер үшін қыркүйектің 16-сына дейін жұмыс істейтін болады.