20 мың жұмыс орнын ашатын 45 жоба жүзеге асып жатыр

20 мың жұмыс орнын ашатын 45 жоба жүзеге асып жатыр

Қазір елімізде 20 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 45 ірі өнеркәсіптік жоба іске асып жатыр. Оларға тартылатын инвестиция 2 триллион 300 миллиард теңгеден асады. Бұл туралы Президент қабылдауында Премьер-министр мәлім етті. Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үкімет атқарып жатқан жұмыс бағыттары туралы есеп берді. Президенттің көлік саласын дамытуға қатысты тапсырмалары қалай орындалғанын да баяндады. Бұдан бөлек вегетациялық кезең туралы да айтты. Қазір егістікті су ресурстарымен қамтамасыз ету шаралары қатаң бақылауда. Оның үстіне су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатыр. Ол үшін өңірлік штабтар жұмыс істейді. Олжас Бектенов биылғы егіс науқаны туралы да баяндады. Жыл басынан бері ауыл, орман және балық шаруашылығындағы өнімдер мен қызметтердің жалпы көлемі 4 пайызға өсті. Барлық өңірде оң динамика тіркелді. Үкімет басшысы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жайында да есеп берді. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикада институционалдық өзгерістер жасауға, өңірлерді дамытуға және инвестиция тартуға қатысты бірқатар тапсырма берді.