ҚР АШМ: 5 млн гектардан астам жер қайтарылды

ҚР АШМ: 5 млн гектардан астам жер қайтарылды

Бұл мәселе әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау өңірлерінде аса өзекті болып тұр. Бар гәп мал басының күрт өсуінде жатыр дейді, сала мамандары. Мәселені шешу үшін түрлі шаралар  қабылданып жатыр. Оларды Үкіметте Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жіктеп берді. Бұл ретте ең алдымен пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару екенін атап өтті. Былтыр 5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Биыл да сол меже орындалмақ. Сондай-ақ жайылымдық жерлерді ұлғайту үшін олардың тозуын болдырмау, құнарлығын арттырып, жемшөп базасын жақсарту жайы қолға алынған. Ал, өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін сандық жүйеге келтіру іс-шаралар жүргізілуде. Смарт картада жол желісі, гидрография, инфрақұрылым нысандары туралы ақпарат орналастырылған. Бұл тың шаруа 2024 жылға дейін толық еңсеріледі деді, министр. Сонымен қатар ол бұрын пайдаланылмаған және заңсыз берілген учаскелер туралы ашық деректері бар жаңа геоқызмет түрін таныстырды.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауылшаруашылығы министрі:

- Жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Және де жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады. Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп пайымдаймыз.

Жалпы, елде жайылымдармен қамтамасыз ету жағы алға басты деп атап өтті бейінді ведомствода. Осылайша, соңғы екі жылда тапшылықты 9 миллион гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік туды. Нәтижесінде қазір жайылымдық жерлердің жалпы ауданы 180 миллион гектардан асты.