Қазақстандықтар банкроттыққа онлайн өтініш бере алады   

Бұл жөнінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді. Айтуынша, өтініштерді онлайн түрде қабылдау жағы да қарастырылған. Бұл үрдіс «E-gov» порталы немесе «Е-salyg Azamat» қосымшасы арқылы жүзеге асырылмақ. Қазір «Ашық» үкімет сайтында осыған қатысты қоғамдық талқылау жүріп жатыр. Алдағы ақпанның сегізіне дейін жұртшылықтың ұсыныстары қабылданады.

Айта кетейік, бүгінде бір миллионнан астам ел азаматы несиелік қарызын бір жылдан астам уақыт бойы өтемегені анықталып отыр.

Ержан Біржанов, Қаржы вице-министрі:

- Біз 22 сервисті іске асыруымыз тиіс. Яғни, 22 дереккөздерімен интеграция жасауымыз тиіс. Бұл жұмыстар қазір жүргізіліп жатыр. Осы тексерістің оң нәтижесі болса оны жұмысқа алып, банкроттық арызын қараймыз. Егер, осы қысқаша скоринг кезінде аталмыш критерийлерге жатпайтын болса, біз арызды кері қайтарамыз.