Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 2 есе өсті

Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 2 есе өсті

Қазақстанда туристер ағыны артты. Өткен жылмен салыстырғанда, шетелдік саяхатшылар саны 2 есеге жуық өсті. Туризм және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, биыл 6 ай ішінде сырттан 500 мыңнан астам саяхатшы келген. Былтырдың сәйкес кезеңінде олардың саны 300 мыңға таяған. Осы жылдың соңына дейін көрсеткіш 1,4 млн жетеді деп болжануда. Сарапшылардың есебінше елімізде демалуды жөн керетін қазақстандықтардың да қатары артып келеді. Жыл соңына дейін 9 млн ішкі турист болады деп болжануда. Былтыр осы кезде олардың саны 3 млн асып жығылған. 

Ержан Еркінбаев,  ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
-Туристер санының өсуі турбизнес үшін әрине табыс. Айталық жарты жылда қонақ үйлер 100 млрд теңге табыс тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 млрд теңгеге артық. Туристік бизнес дамыса салықта көп түседі. Бюджетімізге биылдың қорытындысы бойынша туризмнен 400 млрд теңге салық түседі деп жоспарлап отырмыз. Салыстырсақ, дағдарысқа дейінгі 2019 жылдан бұл екі есе көп.

Қазақстандық туризмнің қарыштауына салаға құйылатын инвестицияның да еселенуінің әсері мол,-дейді мамандар. Мәселен, биылғы 8 айда оның дамуына 312 млрд теңге қаржы тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы  сәйкес кезеңнен 34% ұлғайған.