Қазақстанның кәсіпкер әйелдері БҰҰ көрмесіне қатысуда
Қазақстанның нәзік жанды кәсіпкерлері БҰҰ-ның «Әйелдер кәсіпкерлігі» атты бірінші өңірлік көрмесіне қатысуда. Шара 12 елден жүздеген табысты қыз-келіншектің, сондай-ақ Еуропа мен Орталық Азияның ірі халықаралық компанияларының мүшелері мен инвесторларының басын қосты.
Бірегей іс-шара онлайн форматта өтуде. Оның басты мақсаты – іскер әйелдерге пандемия кезінде де, індеттің беті қайтып ахуал оңалған жағдайда да қолдау көрсету. Сондай-ақ көрме кәсіпкерлерге жаңа нарыққа шығуға, яғни кірісті арттыруға көмектеседі. Шараның бағдарламасына қатысушылар өз өнімдерін көрсете алатын, тиімді бизнес-жоспарлар құрып, жаңа идеялармен тәжірибе жасауды үйренетін түрлі секциялар кіреді. Сонымен қатар брендинг пен маркетингтен бастап электрондық коммерцияға дейінгі түрлі тақырыптар талқыланады. Осылайша іскер әйелдер тәжірибе алмасады. Көрменің соңында инвесторлар қаржылық қолдау көрсету үшін тиімді кәсіпорындарды таңдайды.
Әлия Эль-Яссир, Еуропа және Орталық Азия елдері «БҰҰ-әйелдері» құрылымының өңірлік директоры:
- Әлемдік COVID-19 індеті кәсіпкер әйелдерге салыстырмалы түрде кері әсерін көбірек тигізді. Себебі олар басқаратын ірі, шағын және орта бизнес, ерлер басқаратын кәсіпорындарға қарағанда табысы төмен секторларда шоғырланған немесе пандемия шектеулеріне көп әсер ететін секторларға жатады. Осы ретте «БҰҰ-әйелдері» құрылымының негізгі басым бағыттарының бірі - әйелдердің табысын, лайықты жұмысын және экономикалық тәуелсіздігін қолдау.