Қазақстанның өзге елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі қандай?

Өзгені өзіндей көріп азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған мұқтаж елдердегі мәселелерді шешу қамында сан-қилы амалдар қарастырып, ұтымды шаралар кешенін ұсыну. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына мүше елдердің басты міндеті осы. Бұл реттегі игі істердің барысы аталмыш бірлестіктің Бас Ассамблеясының Тунисте өткен кезекті жиынында талқыға түсті. Ұйымның құрылуына Қазақстанның ұйытқы болғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда оның құрамында 37 мемлекет бар. Еліміздің бастамасын қолдаған бұл елдер қазір 5 басты бағыт бойынша мұқтаж мемлекетке қолдау көрсетеді. Бұл басқару үрдісіне демеу жасап, азық-түлік дағдарысын реттеуге жәрдемдесу, елдің әлеуетін арттыру, өнеркәсіпті дамыту және қорларды жұмылдыру. Сарапшылардың пайымынша, бұл гуманитарлық бірлестік емес, белгілі бір қиындықтарға тап болған мүшелерінің инфрақұрылымдық және ауылшаруашылық салаларын экономикалық тұрғыда реттеуге бағытталған бағдарламалық ұйым болып табылады.