Қазақстанның сыртқы саясаты

Биыл Қазақстан үшін жаһандық беделін тағы бір айғақтап, бекемдейтін жыл болады. 2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгей­дегі бірқатар ықпалды ұйымдарға төрағалық етеді. Бұл – нақты істермен сыналған салиқалы сыртқы саясатымызға деген сенімнің белгісі дейді, сарапшылар. Айтуларынша әлемде етек жайған дағдарыс кезінде халықаралық қатынастарды тізгіндеу – аса жауапты. Еліміз ағымдағы жылы да төрткүл дүние көз тігетін келелі кеңестердің ордасына айналады. Қазақстан әдеттегідей ұлт мүдесімен қатар тұтас өңірдің игілігін арқалайды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы жақында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында айтқан болатын.    

Риззат Тасым, Саясаттанушы, Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы:

- Қазақстанның ең маңызды бағыттарын анықтауға болады. Біріншісі түрлі халықаралық ұйымдарды бір-біріне түйіндестіру және үйлестіру. Оған мысал ретінде Ұжымдық қауіпсіздік ұйымын БҰҰ-ның құрылымдарымен біріктіру, Шанхай ынтымақтастық ұйымын жаңа бағытқа, яғни энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне бұру және  Шаңхай ынтымақтастық ұйымының жаңа даму концепциясын қабылдау болып табылады. Түркі мемлекеттері ықпалдастығын одан әрі дамыту.

Қазақстан сыртқы экономикалық байланысын да жетілдіруге ден қоймақ. Бұл ретте Орталық Азияның логистикалық инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі. Сол бәз-баяғы мақсат – Азия мен Еуропаны жалғап, өзара алыс-беріс пен барыс-келістің әлеуетін арттыру.  

Риззат Тасым, Саясаттанушы, Қоғамдық үрдістерді зерттеу орталығының басшысы:

- Қазақстан бұрын логистикалық солтүстік жолдарға басымдық берсе, қазір орта логистикалық бағыттағы жолдар және Оңтүстік Шығыс Азияға шығу жолдарын қарастырып жатыр. Және де Каспий орта сауда жолын дамыту және инфрақұрылымды жаңарту. Сондықтан қазіргі маңызды мәселе жалпы осы сұхбат барысында айтылған болатын Қазақстан ірі жобаларға Ресей және Қытай тарапынан да дайын.