Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі жақсарып келеді

Қазақстан экономикасының нақты секторында оң қарқын байқалады. Бұған қаңтар-ақпандағы макроэкономикалық көрсеткіштер дәлел. Осы аралықта жалпы ішкі өнімнің өсімі 2,9% дейін жақсарды. Ал нақты секторда өсім 6,3% дейін жеделдеді.

Өсім машина жасау, құрылыс материалдары, химиялық өнімдер, киім өндірісінде, жиһаз жинау, фармацевтика салаларында да сақталған. Жағымды деректермен кезекті Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстанның мұнай өндірудің тәуліктегі көлемін 20 мың баррельге дейін ұлғайту туралы келісімшартқа қол жеткізуінің маңызы зор. Аталмыш құжат алдағы уақытта тау-кен өндірісінде өсімді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Экономиканы дамытудың негізгі драйверлері: өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, оның ішінде тұрғын үйлерді пайдалануға беру, ауыл шаруашылығы. Олар жыл басынан бері тұрақты өсіп келеді. Қызмет көрсету секторы біртіндеп қалпына келуде. Негізгі капиталға инвестициялар өсімі тау-кен өндірісін қоспағанда 13,3% құрады. Инвестициялық белсенділіктің жаһандық төмендеуінің жағдайында сапалы инвестициялар тартуға бәсекелестік өте жоғары. Отандық және шетелдік инвесторларды белсенді тарту арқылы жекешелендіру жоспарын тиімді іске асыруды қапмтамасыз ету керек.