«Хабар» Агенттігі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді

«Хабар» Агенттігі XXIV қысқы Олимпиада ойындарын тікелей эфирде көрсетеді

«Хабар» Агенттігі» АҚ ел аумағында 2022 жылғы Қытайда өтетін XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ресми хабар тарату құқығын иеленді.
Қазақстандықтар 4-20 ақпан аралығында Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарын «Хабар» және «EL ARNA» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Олимпиада ойындарының іріктеу жарыстары 2 ақпаннан басталады.

Олимпиадаға қатысатын Қазақстан құрамасында 87 жолдама иеленген 34 спортшы бар. Қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

«Хабар» және «EL ARNA» телеарналарындағы спорттық көрсетілімдерді Айбек Қабылшаев, Рауан Оқасов, Айдар Махметов, Евгений Акманов, Ербол Каиров және Аян Кушбаев есімді спорт комментаторлары жүргізеді. «Хабар» және «EL ARNA» телеарналарының эфирінде күн сайын жарыс күнінің қорытындысы «Бейжің-2022 Олимпиада ойындарының күнделіктері» көрсетілетін болады.

Телеэфирден бөлек, олимпиадалық жарыстарды арналардың https://khabar.kz/kk/ba-darlama/onlajn-k-rsetilim және https://elarna.kz/ru/onlajn-translyatsiya ресми сайттарынан көру мүмкіндігі бар.

XXIV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан 17:55-те басталады. Қазақстан ұлттық құрамасы ел тарихында қысқы Олимпиада ойындарында 8-ші рет бақ сынайды.

«Хабар» және «EL ARNA» телеарналарының Олимпиадалық кестесін көру үшін сілтемеге өтіңіз.