Кішкентай математик Алтынбек Үмбетов
Бүлдіршіндер ғылым әлемінен бәрінен бұрын математикамен танысады. Санап үйренгеніне мәз болады, құлағының, көздерінің екеу екенін, саусақтарының, башпайларының да он-оннан екенін біледі.
Ересектердің бәрі бірдей есептей алатын шығар, әйтсе де «математикамен доспын» деп екінің бірі мақтана алмайды. Себебі бұл күрделі ғылымның тереңіне сүңгіп, үйренуге көп уақыт бөлу жеткіліксіз – адамда табиғи қабілет те болуы және ол ерте жастан дамытылуы тиіс.
Алтынбек Үмбетов математиканың не екенін, оны қалай меңгеруге болатынын жақсы біледі. Он бір жастағы балақай қалалық және республикалық деңгейдегі бірнеше олимпиаданың жеңімпазы, халықаралық байқаулардың қатысушысы, сондай-ақ еліміздің бірнеше беделді оқу орындарының ең күрделі емтихандарын сүрінбей тапсырды.