ҚМДБ азаматтарға құрбан айт мерекесін үйде өткізуге шақырады
Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы алда келе жатқан Құрбан айт мерекесін үлкен іс-шараларға қатыспай, отбасылық ортада тойлауға шақырады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, өткен жылдағыдай, биыл да пандемия өз ережелерін енгізуде. Мәселен, екінші жыл қатарынан қазақстандықтар құрбандық шалу рәсімін онлайн түрде жасамақ. Ол үшін азаматтар qurban2021.kz сайтында өтінім қалдыруы тиіс. Ал құрбандыққа шалынған малдың етін мұқтаж жандарға таратуға еріктілер көмектеседі. Діни қызметкерлердің айтуынша, Құрбан айт мерекесі еліміз үшін маңызды мереке. Алайда пандемия жағдайында халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы әрине, бірінші орынға шығады.
Бақытжан Өткелбаев, «Әзірет-Сұлтан» мешітінің наиб-имамы:
- Құрбан айт - үлкен мереке. Қазіргі таңда халыққа ескертетін нәрсе мынау аурудың, індеттің өршуіне байланысты мүмкіндігінше ел аралап немесе көпшілік орталарға бала-шағаны апармай, әркім өзінің үйінде, оқшауланып өткізгені абзал. Осымен қатар, біздің ҚМДБ-ның құрбан айтқа байланысты арнайы уағыз-насихат бағдарламалары бар. Сонымен қатар, құттықтауларды әлеуметтік желілер арқылы жеткізуге болады.