Волонтерлік қызмет заңмен жүйеленуі мүмкін

Волонтерлік қызмет заңмен жүйеленуі мүмкін

Елде еріктілердің қызметі заңмен реттелуі мүмкін. Мұндай бастаманы Мәжіліс депутаттары Павлодарда өткен волонтерлермен кездесуде көтерді. Айтуларынша, бастама еріктілердің жұмысын реттеп, мемлекеттік ұйымдармен бірлесе әрекет етуіне жол ашады.

Кездесу барысында депутаттар жергілікті волонтерлердің қызметімен де танысты. Олар әлеуметтік көмек көрсету, экология, халықтың осал топтарын қолдау және төтенше жағдайлар кезінде көмек беру бағыттарында жұмыс істейді. Депутаттар сондай-ақ, волонтерлік қозғалыстың қоғамдағы маңызын атап өтті. Себебі қазір еріктілерсіз бірде-бір республикалық науқан өтпейді. Олар су тасқыны мен пандемия кезінде алдыңғы шепте болып, Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруға атсалысып келеді.

Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз волонтерлердің бүкіл қызметін бақылап, жүйелегіміз келеді. Бұл, біріншіден, Қазақстан бойынша волонтерлеріміздің қандай салалық бағыттарда жұмыс істеп жатқанын түсіну үшін қажет. Сонымен қатар, олардың қызметін бюджеттік және мемлекеттік ұйымдардың қызметімен ұштастыруды көздейміз.