Қоқысты қайта өңдейтіндерге мемлекет көмек көрсетеді

Қоқысты қайта өңдейтіндерге мемлекет көмек көрсетеді

Елімізде бүгінге дейін түзілген әр түрлі қалдық 50 млрд тоннаға жетіп қалды. Аз емес. Шет ел болса қайта өңдейді, өртейді, әйтеуір кәдеге жаратады. Бізде де қоқыстан құрал-сайман жасап тіпті энергия көздерін өндіріп жатқандар бар. Бірақ көбі мемлекеттен қолдау таппай, жұмысын тоқтатып қояды. Осыны ескерген президент қайта өңдеу зауыттарын көбейту туралы тапсырма берген болатын.

Дамыған елдердің халқы мұндай жәшіктерді коммуналдық қызметкерлер келгенше тып-тыйпыл етеді. Өйткені арнайы орындарға өткізсеңіз қоқыстан да пайда табуға болады. Ал біздің полигондарда жыл сайын 60 миллиард теңге көміледі. Бұл қаржы тұрмыстық қалдықтардың қайта өңдеуге болатын көлеміне тең. Яғни керексіз зат демей кәдеге асырсақ, экологияға да экономикаға да пайдамыз тиер еді.

Кәдеге асыруын асырамыз-ау, бірақ қоқыс өңдейтіндер шикізат таппай жүр. Өйткені үлкен полигондарда қатты қалдықтармен бірге гигиеналық заттар да жатады. Яғни сұрыпталмайды. Сондықтан, әуелі қалдықтың да керегін алып, керексізін тастайтын орталықтарды көбейту керек дейді кәсіпкерлер. Мұндай жұмыспен Түркістандық Владислав Голярко 2 жылдан бері айналысады. 

Владислав Голярко, кәсіпкер:

– Бұл Ақсукентте бірнеше ИП болған. Қағаз қабылдайтын, шыны қабылдайтын. Содан маған идея келді. Олар қабылдап жатыр, ал бізде қоқыс көп. Тек соларды әртүрлі контейнерге салып, сұрыптасақ, болды. Міне содан кейін қалдық өңдейтіндер бізден шикізат сатып алады.

Міне, қоқыс өңдеушісіне жеткенше бірнеше жанның қалтасын қампайта алады. Бірақ мұндай кәсіппен айналысқысы келетіндер аз. Өйткені цехқа керек құрылғылар қымбат тұрады. Қарапайым жанның қалтасы көтермейді. Сондықтан мамандар дәл осындай кәсіп ашқысы келетіндер үшін жеңілдетілген несие беруді жоспарлап отыр.